Ал Басқару колледжінің 3 курс студенті Аида Асылбекова (aidaasilbekova) іс-шараның тәрбиелік мәніне тәнті болғанын жасырмады: – Еліміздің ертеңі халық жастарына тікелей тәуелді екенін Н.Ә. Назарбаев жиі айтады. Бүгінде Елбасы кітапханасына жиналған біз мойнымызға артылған жауапкершіліктің маңыздылығын терең ұғындық. Семинар-тренинг аясында «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты Мемлекет басшысының бағдарламалық мақаласында бой көтерген «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасымен жақын таныстық. Бұл – игі бастама. Себебі, еліміздің бетке ұстар азаматтары қатарында өткеннің саңлақтары ғана емес, қазіргі уақытта арамызда жүрген адамдар да бар. Олардың есімдерін халық білуі тиіс. Аталмыш тізімге кірген жастар мақсатқа деген талпынысымен, өзіне, күшіне деген сенімділігімен кейінгі буынға үлгі. Жобамен танысудың нәтижесі ретінде, бұл азаматтарға қарап біз бой түзедік, алдымызға жаңа міндеттер қойып, биік белестерге қанаттандық. Бізді мықтап ынталандырған іс-шара үшін Елбасы кітапханасына алғысымыз зор, - дейді ол.