Ағымдағы жылдың 19 сәуірінде, Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау мемлекеттік университеті мен Астана қаласы Басқару колледжінің студенттері екі күндік «Рухани жаңғыру: болашаққа бастар жол» семинар-тренингін тәмамдады. Қатысушыларды марапаттау рәсімінде Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Ботагөз Қайыпова құттықтау сөз сөйледі: – Құрметті студенттер! Сіздерді семинар-тренингті ойдағыдай тәмамдап шығуларыңызбен құттықтаймыз! Іс-шара барысында жинаған тәжірибелеріңіз таңдаған мамандықта озат болуға, кез келген бәйгеде бәсекеге қабілетті болуға ынталандырды деп сенемін. Осы тұста Елбасы кітапханасы ғана емес, күллі Қазақстан халқы сіздерге зор үміт артады. Сіздерді келер уақытта еліміздің бетке ұстар азаматтары қатарынан көрсек дейміз. Сол себепті, жолдарыңыз ашық, бағындырған белестеріңіз көп болсын, - деді ол. Марапаттау салтанатында 47 қатысушы «Рухани жаңғыру: болашаққа бастар жол» семинар-тренингінің тәмамдалғанын растайтын сертификаттар мен естелік сыйлықтарға ие болды. Елбасы кітапханасының атынан әр қатысушыға «Біздің Президент» кітабы табыс етілді.