Бүгін Вьетнам әлеуметтік қауіпсіздігінің министрі, генерал-полковник То Лам бастаған Вьетнам Социалистік Республикасының делегациясы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасына ат басын бұрды. Қазақстан тарапынан шетелдік қонақтарды ҚР ҰҚК Төрағасының орынбасары, генерал-майор Марат Осипов алып жүрді. Делегация мүшелерін Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Ботагөз Қайыпова қарсы алды. Қонақтар Назарбаев орталығы сәулетінің көркемдігі мен бірегейлігін белгілеп, экспозицияларда ұсынылған тарихи, мәдени материалдар мен архив құжаттарымен танысты. Келушілер Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевқа шет мемлекеттерден тарту етілген жоғарғы марапаттар топтамасына ерекше көңіл бөлді. Олар Елбасының ең жоғарғы Ұлыбритания марапаты, «Әулие Михаил және Әулие Георгий орденінің Үлкен Кресі» Құрметті Кавалері екеніне таң қалды. Бұл орден – Нұрсұлтан Назарбаевтың ядролық қарусыздандыру ісіндегі еңбегіне деген құрмет. Елбасы кітапханасына сапардан естелік ретінде То Лам мырзаға ағылшын тілінде жазылған «Нұрсұлтан Назарбаев. Өмірбаян» кітабы мен «Назарбаев орталығы» фотоальбомы табысталды. Экскурсиядан оң әсер алған Вьетнам делегациясының басшысы Пікірлер кітабына тілек жазды.