Конференцияға ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі Жастар саясаты департаментінің директоры Асхат Оралов, ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі Дархан Кәлетаев, ҚР Білім және ғылым министрлігінің жауапты хатшысы Арын Өрсариев, Almaty Management University президенті, іскерлік әкімшіліктендіру докторы Асылбек Қожахметов қатысты.
– Болашақ мамандықтарды қарастыруға бағытталған тақырып ертеңгі күнді сипаттап, сол уақытқа бейімделу жолдарын сілтеп қана қоймай, қазіргі уақыттың жаһандық мегатрендіне айналып отыр. 2000 жылдардың өзінде Қазақстан Президенті Н. Назарбаев әлемнің орасан зор жылдамдықпен өзгеріп келе жатқанын сөз етіп, қиындықтардан шығар жолды күнделікті ойластыруымыздың керек екенін айтты. Елбасы бастаған 1997 жылғы Қазақстанның 2030-жылға дейінгі Даму стратегиясы – мемлекеттік деңгейде алғаш құрылған ұзақ мерзімді даму жобаларының бірі. Кейінде оның қисынды жалғасы болып «Стратегия – 2050» құрылды. Посткеңестік кеңістіктегі басқа мемлекеттер де ұзақ мерзімді даму жобаларын құру жолында. Алайда жаһандық әлемнің даму үдерісі талаптарын жаңартып отырған сайын мемлекеттер де стратегияларына өзгерістер енгізуге мұқтаж. Бүгінде іске асырылып жатқан «100 нақты қадам» Ұлт жоспары, «Сандық Қазақстан – 2020», «Рухани жаңғыру» бағдарламары мемлекет құрамындағы халық пен қоғамның өзгерістерге дайын болуы тиіс екенін айғақтайды. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында Н.Ә. Назарбаев бүгінгі күннің басты талабы – Қазақстан халықтарының оң дәстүрлерін сақтаумен қатар, ескірген, керексіз, таптаурын дүниелерді жоқ қылып, күн тәртібіне жаһандық әлемнің дамуына қатысты жаңа мақсат-міндеттерді қоятын прагматизмді ұстану деп белгілейді. Осы тұста әлемдік еңбек нарығында болып жатқан технологиялық серпілістер білімдердің қарама-қайшылығын көрсетеді. Жоғарыда аталған әлеуметтік және технологиялық мегатрендтердің ең алдымен жастарға әсер етері сөзсіз. Демек, әлем көпмәдениеттілік қасиеттерге ие болудың, барша мәдениетке, ұлттар мен мемлекеттерге ортақ байланыс орнатудың ерекше қабілеттерін жастарға үйретудің маңыздылығын көрсетеді, - деді Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Ботагөз Қайыпова.